#BTS_SCENARIO_QRF
❓Құпия❗️
Мектеп.
– Сәлем, Чимин! Қалың қалай? - мектеп ауласына енді аяқ басқан Чиминнің жанына жетіп келген досы Минджу.
– Мәз емес. Бүгін де сол түсті көрдім. Құрып кеткір, түс! Түсінсем бұйырмасын.
– Жә, сабыр ет. Нақты нені көріп жатқаныңды айта аласың ба? - Минджу досының жайсыз түсіне қызығушылық білдіре.
– Түсініксіз, қорқынышты әлем. Оны қойшы, сабаққа кеттік, - деген Чимин, қолын қалтасына сала, мектепке кіріп кетті.
Бүгінгі күн Чимин үшін оңай болмады. Оны мазалайтын тек бір ғана сұрақ “неге бұл түс?”. Чиминнің осы бір қорқынышты әрі түсініксіз түсті көріп келе жатқанына осымен төртінші күн. 17 жасқа толған күннен бастап осы бір жайсыз түс Чиминді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған еді. Өмірде көңілді, үнемі күліп жүретін жігіт, бір түннің ішінде күрт өзгеріп шыға келді. Бұрынғыдай әзілдеу, жарқын-жарқын күлкілер Чиминге жат болып бара жатқандай. Чимин қанша тырысса да бұл түстің нені білдіретінін ұғына алар емес. Үнемі қайталанатын бір түс. Сол бір түсте Чимин ылғи да бір қараңғы бөлмеде отырған адамды көретін. Түрі көрінбейтін. Бұл кескін Чиминге бір нәрсені айтқысы келетіндей түйілетін. Ол үн қатқанда дауыстың әйел адамға тиесілі екенін байқауға болады. Бірақ не айтып жатқаны түсініксіз, жаңғырық тәріздес анық емес сөздер болатын. Осылай бүгінгі сабақтар да өз мәресіне жетіп, Чимин сөмкесін арқалай, үйіне жол тартты. Жолай Чиминге ата-анасы қоңырау шалып, бүгін Пусандағы туыстарының үйіне жол жүріп бара жатқандарын айтты. Чимин үйге келе, бірден Минджуге қоңырау соғып, оны өзінің үйіне қонуға шақырады. Көп ұзамай есік қоңырауы да соғылып:
– Мен ойлағаннан да тез келдің ғой. Үйіңе бармағансың-ау, киіміңді ауыстырмапсың.
Минджу Чиминнің сөзіне күліп:
– Иә, анама бүгін сенің үйіңде қонатынымды айттым да, тайып тұрдым.
– Жақсы болды ғой. Бүгін қалағанымызша компьютер ойындарын ойнайық. Бірге ойнамағалы көп болды, - Чимин компьтерді қоса, Минджуды ойынға шақырды.
Осылай Чимин мен Минджу түні бойы кино көріп, ойын ойнап, Чиминнің бөлмесінде қызықты уақыт өткізіп отырады. Кенет Минджу Чиминнің сөреде тұрған кішкентай кезіндегі суретті байқап:
– Мәссаған, Чимин! Сен сүйкімді болыпсың ғой. Беттерің топ-томпақ. Құдайым-ау! - суретті қолына ала, сүйсіне қарап тұрды.
– Мен қазірдің өзінде сүйкімдімін ғой. Несіне таң қаласың? - деді Чимин күле.
– Айтасың-ау. Айтпақшы, мына артыңдағы үй маған таныс, - Минджу суреттегі үйді меңзеп.
– Қайдан таныс болсын? Ол біздің Пусандағы үйіміз болатын.
– Жоқ. Рас айтамын. Мен бұл үйді көрдім.
– Сен Пусанда болмағансың ғой. Қайдан көресің? Бұл үйді әкем баяғыда сатып жіберген. Қирап, түгі қалмаған шығар ендігі.
– Пусанда емес, мен дәл осы үйді Сеулде көрдім. Қателеспесем 1 апта бұрын ғана.
– Мүмкін, ұқсас дизайндағы үйлер болар, - деді, Чимин телефонынан көз алмай.
Ал Минджу ойлана, суретке ұзақ қарап, қайта орнына қоя салды. Минджуға Чиминнің бөлмесі қызық болғаны сонша ол әр бір затты ұстап, қарап шығып жүріп, сөрелердің бірінің астынан шаң басқан, белгісіз қорапшаны тауып алады.
– Оу, бұл не қорап, Чимин? - тауып алған қорапты Чиминге көрсете.
– Ей, оны қайдан алдың? Орынына қой. Оны менен басқа ешкім көруге болмайды, - Чимин орнынан атып тұрып, Минджудың қолындағы қорапты тартып алып:
– Мұнда менің балалық шағымдағы естеліктерім бар. Арман дәптерлерім және... тағысын тағы. Қысқасы, көруге болмайды.
– Ондай менде де бар. Қаласаң келесі жолы әкелейін. Қане, көрейікші. Оның несін жасырасың? - Минджу қояр да қоймай, Чиминді көндіріп, әлгі қорапты бірге ашып қарайды.
Айтқанындай онда Чиминнің армандары жазылған 3-4 дәптерлер мен ойыншықтар болды. Ең түбінде белгісіз бір түсініксіз суреттер тұр екен. Онда қыз балаға тән қорқынышты суреттер болды. Бәрі қаламмен сызылып тасталынған. Және кейбірінде түсініксіз сөздер де жазылыпты. Минджу Чиминге бұл суреттерді кім сызғанын сұрағанда, ол ұзақ ойланды да:
– Есімде бары, бұларды бөлмемдегі тесіктен алатынмын. Еденнің бұрышында кішкентай тесік болатын. Әр таңда оянғанымда сол жерде қағаз тұратын.
Минджу біртүрлі көз қарасымен Чиминге қарап:
– Саған күдікті көрінбей ме? - деп, суреттегі жазуларды оқи бастады.
Ондағы әрбір суреттерде "Менімен дос бол. Мен сондай әдемімін", "Адамдар екі жүзді, олардан қорық", "Сен менен аумайсың. Екеуіміздің кескініміз өте ұқсас", "Балақай, еденге құлағыңды тос. Біз бірге бола аламыз", "Айналаңда толған құбыжықтар. Сен мені тыңда. Мені құтқарсаң, біз оларды құтқарамыз", "Екеуіміз өте ұқсаймыз", "Жертөлеге түс. Мен саған ойыншықтар беремін" деген сөздер жазылған болатын. Минджу Чиминге:
– Сен жертөлеге түсіп пе едің? - дегенде Чимин:
– Жоға, мен бұл қағаздарды алғанда жазу мен оқуды әлі білмейтінмін, - деді.
#HobiLopi
Жертөледе біреудің бар болғаны ма? Чиминнің ата-анасы бұл жайлы біледі ме екен?